Клиенттердің құқықтары және оларды қорғау

«Сентрас Секьюритиз» АҚ Клиенттердің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету саясаты мен рәсімдеріне сәйкес клиенттердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға ерекше назар аударады, «Сентрас Секьюритиз» АҚ Брокерлік қызметтермен және қаржылық өнімдермен байланысты тәуекелдер туралы декларациясына сәйкес тәуекелдер туралы ақпаратты адал ашу жөнінде шаралар қабылдайды, сондай-ақ «Сентрас Секьюритиз» АҚ Клиенттердің өтініштерін, шағымдары мен наразылықтарын қабылдау, қарау және есепке алу тәртібіне сәйкес клиенттердің өтініштерін, шағымдары мен наразылықтарын қарайды.

Клиент шарт жасалғанға дейін, клиенттік бұйрық берілгенге дейін, қаржы құралын сатып алғанға дейін немесе қаржылық өнімді алғанға дейін негізделген инвестициялық шешім қабылдау үшін қажетті толық, дұрыс және уақтылы ақпаратты «Сентрас Секьюритиз» АҚ-дан алуға құқылы, оның ішінде: брокерлік қызметтер, қаржылық өнімдер және оларды ұсыну тәртібі туралы; қызмет көрсетуге және операцияларды жүзеге асыруға байланысты тарифтер, комиссиялар, алымдар және өзге де шығыстар туралы; клиент мәмілелер жасауды жоспарлап отырған қаржы құралдары туралы; қаржы құралдарын сатып алуға байланысты тәуекелдер туралы; қаржы құралдарымен мәмілелер жасауға қатысты шектеулер мен ерекше талаптар туралы; клиенттік бұйрықтарды орындау тәртібі туралы; шоттардың жай-күйі, ақша қаражатының және бағалы қағаздардың қозғалысы, жасалған мәмілелер мен операциялар туралы; егер мұндай мүдделер қақтығысы клиентке қызмет көрсетуге әсер етуі мүмкін болса, ықтимал немесе нақты мүдделер қақтығысының болуы туралы; өтініштерді, шағымдар мен наразылықтарды беру және қарау тәртібі туралы; Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаржы омбудсманына, уәкілетті органға және сотқа жүгіну құқығы туралы.

Қаржы құралдарымен мәміле жасалғанға дейін клиент жекелеген қаржы құралдарына, нарықтарға, эмитенттерге немесе операцияларға қатысты шектеулер мен ерекше талаптардың қолданылуы мүмкін екенін ескеруі тиіс, оның ішінде: инвесторлар санатына қойылатын шектеулер; клиенттің біліктілігіне немесе инвестициялық бейініне қойылатын талаптар; сауда-саттықты ұйымдастырушының қағидаларында белгіленген шектеулер; депозитарий, кастодиан, клирингтік немесе есеп айырысу ұйымы белгілеген шектеулер; санкциялық режимге, шетелдік реттеуге немесе шетелдік инфрақұрылым қағидаларына байланысты шектеулер; өтімділікке қатысты шектеулер; салық салу ерекшеліктері; валюталық реттеу және валюталық бақылау саласындағы шектеулер; ақпаратты ашу және клиентті сәйкестендіруге қойылатын талаптар.

Тәуекелдер туралы ақпаратты ашу

Клиенттерге брокерлік қызметтерді алуға, қаржы құралдарымен операциялар жасауға, қаржылық өнімдерді пайдалануға және қаржы нарығының инфрақұрылымдық ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасауға байланысты тәуекелдер туралы толық әрі дұрыс ақпарат беру мақсатында Қоғам «Сентрас Секьюритиз» АҚ Брокерлік қызметтермен және қаржылық өнімдермен байланысты тәуекелдер туралы декларацияны (бұдан әрі - Декларация) әзірледі. Декларацияда қамтылған ақпарат қаржы құралдарына, қаржылық өнімдерге және брокерлік қызмет көрсетуге байланысты жалпы және арнайы тәуекелдерді ашу мақсатында ұсынылады. Декларация жеке инвестициялық ұсыным, қаржы құралдарын сатып алу немесе сату туралы ұсыныс, оферта, табыстылыққа кепілдік немесе салынған қаражаттың сақталуына кепілдік болып табылмайды.

Тәуекелдер туралы жалпы ескерту

Қаржы құралдарына инвестициялау активтердің құнының өзгеру тәуекелімен, күтілетін кірісті алмау тәуекелімен, шығындардың туындау тәуекелімен, сондай-ақ инвестицияланған қаражаттың толық немесе ішінара жоғалу тәуекелімен байланысты. Өткен кезеңдердегі қаржы құралдарының табыстылығы болашақта дәл сондай табыстылықтың алынуына кепілдік бермейді. Қаржы құралдары банктік депозит болып табылмайды, ал оларға салынған қаражатқа Қазақстан Республикасының заңнамасында тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекет тарапынан кепілдік берілмейді.

Клиент инвестициялық шешімдерді дербес қабылдайды және өзі қабылдаған инвестициялық шешімдерге, сондай-ақ қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруіне байланысты инвестициялық тәуекелдерді өзі көтереді. Шарт жасалғанға дейін, клиенттік бұйрық берілгенге дейін, қаржы құралын сатып алғанға дейін немесе қаржылық өнімді алғанға дейін Клиент брокерлік қызмет көрсету шартының талаптарымен, брокерлік қызмет көрсету регламентімен, қолданыстағы тарифтермен, қаржы құралы туралы ақпаратпен және Тәуекелдер туралы декларациямен танысуға, сондай-ақ қаржы құралдарымен операциялар жасау шығындардың туындау тәуекелімен байланысты екенін; өткен кезеңдердегі табыстылық болашақтағы табыстылыққа кепілдік бермейтінін; жекелеген қаржы құралдары тек белгіленген талаптарға сәйкес келетін клиенттерге ғана қолжетімді болуы мүмкін екенін түсінуге міндетті. Қаржы құралдарымен операциялар жасамас бұрын клиентке өзінің инвестициялық тәжірибесін, инвестициялық мақсаттарын, қаржылық жағдайын, инвестициялау көкжиегін және ықтимал шығындарды қабылдауға дайындық деңгейін бағалау ұсынылады және ол бағалы қағаздар мен туынды қаржы құралдарына инвестициялауына байланысты туындайтын барлық осындай тәуекелдерді өз мойнына алуға келіседі.

Бұл ретте Қоғам Қазақстан Республикасының заңнамасында, клиентпен жасалған шартта және Қоғамның ішкі құжаттарында көзделген жағдайларда және тәртіппен жауапты болады.

Қоғам клиенттің инвестициялық кіріс алуына кепілдік бермейді және нарықтық жағдайлардың өзгеруіне, үшінші тұлғалардың, инфрақұрылымдық ұйымдардың, эмитенттердің, контрагенттердің, банктердің, депозитарийлердің, биржалардың, клирингтік және есеп айырысу ұйымдарының әрекеттеріне байланысты туындайтын тәуекелдерді жоққа шығармайды.

Декларацияда көрсетілген тәуекелдердің тізбесі толық болып табылмайды. Қаржы құралының түріне, мәміле талаптарына, нарықтық жағдайға, эмитенттің юрисдикциясына, қолданылатын инфрақұрылымға, есеп айырысу валютасына, салықтық режимге және өзге де мән-жайларға байланысты клиентте Декларацияда көрсетілмеген қосымша тәуекелдер туындауы мүмкін.

Қаржылық өнімдер, тарифтер және тәуекелдер

Қаржылық өнім/қызмет

Қысқаша сипаттамасы

Негізгі тәуекелдер

Клиент нені білуі тиіс

Брокерлік қызмет көрсету

Брокерлік қызмет көрсету брокерлік шотты ашуды және жүргізуді, клиенттік бұйрықтарды қабылдауды және орындауды, есептілікті ұсынуды, клиенттің операцияларын есепке алуды, сауда, есеп айырысу, депозитарлық және өзге де инфрақұрылымдық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауды қамтиды.

Нарықтық тәуекел

Операциялық тәуекел

Құқықтық тәуекел

Ақпараттық тәуекел

Клиенттік бұйрықтың дұрыс ресімделмеу тәуекелі

Қызмет көрсетуге қойылатын шектеулер тәуекелі

Мүдделер қақтығысының тәуекелі

Брокер клиенттік бұйрықтарды шартта, Қоғамның ішкі құжаттарында және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен орындайды.

Клиент брокердің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын, шарттың талаптарын немесе Қоғамның ішкі рәсімдерін бұзу жағдайларын қоспағанда, өзінің клиенттік бұйрықтарының негізінде жасалған мәмілелер бойынша инвестициялық тәуекелдерді өзі көтереді.

Қаржы құралдарымен мәмілелер жасау

 

Мәмілелер жасау бағалы қағаздармен және басқа да қаржы құралдарымен ұйымдастырылған және (немесе) ұйымдастырылмаған нарықта сатып алу, сату, айырбастау және өзге де операцияларды қамтиды, егер мұндай операциялар шартта және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген болса.

Нарықтық тәуекел

Өтімділік тәуекелі

Кредиттік тәуекел / эмитент тәуекелі

Контрагент тәуекелі

Клиенттік бұйрықтың ішінара орындалу тәуекелі

Орындау бағасының тәуекелі

Есеп айырысу тәуекелі

Сауда-саттықтың күшін жою немесе тоқтата тұру тәуекелі

Мәміле жасауға клиенттік бұйрық беру оның орындалуына, күтілген бағамен орындалуына немесе шығындардың болмауына кепілдік бермейді. Клиентке клиенттік бұйрықтың параметрлерін, қаржы құралының өтімділігін, сауда-саттық режимін, комиссияларды және ықтимал шектеулерді ескеру қажет.

Бағалы қағаздарды есепке алу

Бағалы қағаздарды есепке алу клиенттің бағалы қағаздарға құқықтарын көрсетуді, бағалы қағаздардың есепке жатқызылуы мен есептен шығарылуын есепке алуды, корпоративтік әрекеттерді есепке алуды, шоттар бойынша операцияларды және брокердің/номиналды ұстаушының есепке алу жүйесіндегі немесе тиісті инфрақұрылымдағы өзге де өзгерістерді есепке алуды қамтиды.

Операциялық тәуекел

Есептіліктегі алшақтықтар тәуекелі

Есепке алудың кешіктірілу тәуекелі

Корпоративтік әрекеттер тәуекелі

Шетелдік инфрақұрылым тәуекелі

Құқықтық тәуекел

Бағалы қағаздарға құқықтарды есепке алу есепке алу инфрақұрылымы арқылы жүзеге асырылады. Операцияларды есепке көрсетудің мерзімдері мен тәртібі орталық депозитарийді, кастодианды, шетелдік брокерді, депозитарийді немесе есеп айырысу ұйымын қоса алғанда, үшінші тұлғалардың әрекеттеріне байланысты болуы мүмкін.

Бағалы қағаздарды сақтау

Бағалы қағаздарды сақтау қаржы құралдарына құқықтардың номиналды ұстау, кастодиандық қызмет көрсету, орталық депозитарий, шетелдік депозитарийлер, кастодиандар және өзге де инфрақұрылым арқылы сақталуын қамтамасыз етуді қамтиды.

Инфрақұрылымдық тәуекел

Шетелде сақтау тәуекелі

Иелік етуге және билік етуге қойылатын шектеулер тәуекелі

Операциялық тәуекел

Құқықтық тәуекел

Корпоративтік оқиғалар тәуекелі

Инфрақұрылымға қол жеткізудің тоқтатылу тәуекелі

Бағалы қағаздарды сақтау үшінші тұлғалардың қатысуымен жүзеге асырылуы мүмкін. Брокер клиенттің активтерін тиісінше есепке алу және сақталуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды, алайда инфрақұрылымға, шетелдік реттеуге және есеп айырысуларға қойылатын шектеулерге байланысты жекелеген тәуекелдер брокердің бақылауынан тыс болуы мүмкін.

Ақшалай есеп айырысулар

 

Ақшалай есеп айырысулар клиенттің ақша қаражатын есепке жатқызуды, есептен шығаруды, аударуды және есепке алуды, мәмілелер бойынша есеп айырысуларды, ақша қаражатын шығаруды, валютаны айырбастауды, комиссияларды, салықтарды, алымдарды және қолданылатын жағдайда өзге де төлемдерді төлеуді қамтиды.

Есеп айырысу тәуекелі

Операциялық тәуекел

Банктік тәуекел

Валюталық тәуекел

Комплаенс-бақылау тәуекелі

Ақша қаражатының жеткіліксіздігі тәуекелі

Клиенттің деректемелерді қате көрсету тәуекелі

Техникалық іркіліс тәуекелі

Ақшалай есеп айырысулардың мерзімдері тек брокерге ғана емес, сондай-ақ банктерге, төлем жүйелеріне, биржаға, депозитарийге, клирингтік және есеп айырысу инфрақұрылымына да байланысты болады. Клиент комиссияларды, валюта бағамдарын, есеп айырысу мерзімдерін және ұсынылған деректемелердің дұрыстығын алдын ала ескеруі тиіс.

Комиссиялық ұсталымдар

 

Комиссиялық ұсталымдарға брокерлік комиссиялар, депозитарлық комиссиялар, биржалық алымдар, банктердің, кастодиандардың, шетелдік брокерлердің, есеп айырысу ұйымдарының комиссиялары, қызмет көрсету үшін алынатын комиссиялар, активтерді аудару, ақша қаражатын шығару, валютаны айырбастау үшін алынатын комиссиялар және шартта әрі тарифтерде көзделген өзге де төлемдер кіреді.

Шығыстарды дұрыс түсінбеу тәуекелі

Қорытынды табыстылықтың төмендеу тәуекелі

Тарифтердің өзгеру тәуекелі

Көпдеңгейлі комиссиялар тәуекелі

Ең төменгі комиссиялар тәуекелі

Салықтар мен міндетті төлемдер тәуекелі

«Нөлдік» комиссияны қате түсіну тәуекелі

Операцияны жасамас бұрын клиент брокердің қолданыстағы тарифтерімен және үшінші тұлғалардың ықтимал шығыстарымен танысуы қажет. Қолданыстағы тарифтер брокердің интернет-ресурсында орналастырылады және (немесе) шартта белгіленген тәртіппен клиентке ұсынылады.

Инвестициялық ұсынымдар

Инвестициялық ұсынымдар – егер мұндай қызметтер шарттың талаптарына және қолданылатын реттеуге сәйкес көрсетілетін болса, қаржы құралдарын ықтимал сатып алуға, сатуға немесе иелікте ұстауға байланысты ұсынымдар, консультациялар, талдамалық материалдар немесе өзге де хабарламалар болып табылады.

Клиенттің күткен нәтижелеріне сәйкес келмеу тәуекелі

Нарықтық тәуекел

Бастапқы деректердің өзгеру тәуекелі

Инвестициялық ұсынымды дұрыс түсінбеу тәуекелі

Ақпараттың толық болмау тәуекелі

Инвестициялық бейін тәуекелі

Мүдделер қақтығысының тәуекелі

Инвестициялық ұсыным табыстылыққа кепілдік болып табылмайды және инвестициялық тәуекелдерді жоққа шығармайды. Шешім қабылдағанға дейін клиент өзінің инвестициялық мақсаттарын, қаржылық жағдайын, инвестициялау көкжиегін және ықтимал шығындарды қабылдауға дайындық деңгейін бағалауы қажет.

Күрделі инвестициялық өнімдер

 

Күрделі инвестициялық өнімдерге құрылымдық өнімдер, туынды қаржы құралдары, шартты табыстылығы бар құралдар, қаржылық левереджді (иықты) пайдаланатын өнімдер, сондай-ақ табыстылығы базалық активке, индекске, валюта бағамына, пайыздық мөлшерлемеге, оқиғаға немесе өзге де есептеу формуласына тәуелді өнімдер жатқызылуы мүмкін.

Өнімнің күрделілігі тәуекелі

Базалық актив тәуекелі

Капиталды жоғалту тәуекелі

Шектеулі өтімділік тәуекелі

Левередж (қаржылық иық) тәуекелі

Маржалық тәуекел

Эмитент немесе контрагент тәуекелі

Модельдік тәуекел

Өнімнің клиентке жарамсыз болу тәуекелі

Егер клиентке күрделі инвестициялық өнімнің талаптары, табыстылықтың/шығындардың есептелу тетігі, ықтимал сценарийлері және оған байланысты тәуекелдері түсініксіз болса, мұндай инвестициялық өнімді сатып алмауы тиіс. Мұндай өнім белгіленген талаптарға сәйкес келетін клиенттерге ғана қолжетімді болуы мүмкін.

Акциялар

 

Эмитенттің капиталына қатысу құқығын куәландыратын үлестік бағалы қағаздар

Жоғары нарықтық тәуекел, корпоративтік тәуекел, өтімділік тәуекелі

Дивидендтер төлеуге кепілдік берілмейді, акциялардың бағасы едәуір төмендеуі мүмкін.

Облигациялар

 

Эмитенттің міндеттемелерін көздейтін борыштық бағалы қағаздар

Кредиттік тәуекел, пайыздық тәуекел, дефолт тәуекелі, мерзімінен бұрын өтелу тәуекелі

Купондық сыйақының болуы төлемеу тәуекелінің жоқтығын білдірмейді.

ETF/биржалық қорлар

Құны базалық портфельдің құрамына тәуелді құралдар

Нарықтық тәуекел, валюталық тәуекел, елдік тәуекел, өтімділік тәуекелі

Құны қор активтеріне және нарықтық жағдайларға байланысты болады.

Туынды қаржы құралдары

 

Фьючерстер, опциондар, форвардтар, своптар және өзге де қаржы құралдары

Елеулі шығындарға ұшырау тәуекелі, қамтамасыз ету тәуекелі, позицияны мәжбүрлеп жабу тәуекелі.

Базалық актив бағасының болмашы өзгеруі елеулі шығындарға алып келуі мүмкін.

РЕПО операциялары

Қаржы құралын кері сатып алу/сату міндеттемесімен жасалатын мәмілелер

Контрагент тәуекелі

Қамтамасыз етуді қайта бағалау тәуекелі

Өтімділік тәуекелі

Қамтамасыз ету құны өзгерген кезде қосымша міндеттемелер туындауы мүмкін.

Шетелдік бағалы қағаздар

 

Шетелдік эмитенттердің бағалы қағаздары

Валюталық тәуекел

Елдік тәуекел

Санкциялық тәуекел

Құқықтық тәуекел

Шетелдік инфрақұрылым тәуекелі

Клиенттің құқықтары шетелдік юрисдикцияның және инфрақұрылымның қағидаларына байланысты болуы мүмкін.

Валюталық операциялар

Қолма-қол ақшасыз нысанда шетел валютасын сатып алу/сату

Валюталық тәуекел

Валюта бағамының өзгеру тәуекелі

Операциялық тәуекел

Валюта бағамының өзгеруі шығындарға алып келуі мүмкін.

Тәуекелдердің толық сипаттамасы «Сентрас Секьюритиз» АҚ-ның брокерлік қызметтерімен және қаржылық өнімдерімен байланысты тәуекелдер туралы декларациясында келтірілген.

 

«Сентрас Секьюритиз» АҚ Клиенттердің өтініштерін, шағымдары мен наразылықтарын қабылдау, қарау және есепке алу тәртібі

Клиенттердің құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ клиенттердің жеке өтініш жасау құқығын іске асыру мақсатында Клиенттік бақылау және клиенттердің құқықтарын қорғау қызметінің басшысы клиенттерді Клиенттерді қабылдау кестесіне сәйкес жеке қабылдауды жүзеге асырады.